Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ-ның қаржылық қолдауымен Екібастұзда теміржол өнімдерін шығаратын жаңа кәсіпорын іске қосылды
Бірыңғай байланыс орталығы 70-77

Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ-ның қаржылық қолдауымен Екібастұзда теміржол өнімдерін шығаратын жаңа кәсіпорын іске қосылды

chat-bgov

Кеңес ал!

Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ-ның қаржылық қолдауымен Екібастұзда теміржол өнімдерін шығаратын жаңа кәсіпорын іске қосылды

02.05.2025


2025 жылғы 30 сәуірде Екібастұз қаласында «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ-ның қаржылық қолдауымен еліміздің теміржол саласын қажетті құрамдас бөлшектермен қамтамасыз етуге бағытталған жаңа өндіріс салтанатты түрде іске қосылды. Аталған инвестициялық жоба аясында Қор заманауи, жоғары технологиялық жабдықтарды сатып алуға қолдау көрсетті.

Іс-шараға «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ Басқарма Төрағасы Ринат Ғаппаров, ҚР Индустрия және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспай, Павлодар облысының әкімі Асайн Байханов және «Railways Systems KZ» ЖШС Басқарма Төрағасы Сергей Павлингер қатысты.


– Біз индустриялық жобаларды жүйелі негізде іске асыру бойынша жоспарлы жұмыс жүргізіп келеміз. Бүгін іске қосылған теміржол саласына бағытталған жаңа өндіріс – осының жарқын дәлелі. Айта кетейін, отандық өндірушілерге қаржылай қолдау көрсету жаңа өндіріс орындарын ашумен қатар, осы өнеркәсіптік кешен мысалында көрініп тұрғандай, өңдеу және инфрақұрылымдық салалардағы жұмыс істеп тұрған өндірістерді жаңғыртуды да қамтиды. Бұл ретте Қордың корпоративтік саясатының басты қағидаттары – жобалардың экономикалық тиімділігі мен әлеуметтік бағдарлануы, яғни бюджетке салық түсімдерінің едәуір ұлғаюы, жүздеген жаңа жұмыс орындарының ашылуы, отандық өнімдердің пайда болуы және республиканың экспорттық әлеуетін арттыру, – деді «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ Басқарма Төрағасы Ринат Ғаппаров.


Жаңа кәсіпорын құрамына соғу-бандаж кешені енеді – бұл Қазақстан үшін бірегей өндіріс, ол елдегі бүкіл теміржол саласын локомотивтерге арналған бандаж дайындамаларымен, тісті доңғалақ дайындамаларымен, локомотивтік және вагондық осьтермен, дөңгелек центрлерімен қамтамасыз етуге бағытталған. 2025 жылғы мамырда бұл кәсіпорында теміржол дөңгелектерін механикалық өңдеу басталады, қыркүйекте – осьтер өндірісі, 2026 жылғы мамырда – бандаждар мен соғылған бұйымдар шығарылады. Кәсіпорынның жалпы өндірістік қуаты жылына 160 900 дана өнімді құрайды, бұл саладағы халықаралық стандарттарға сәйкес келеді және елдің импортқа тәуелділігін төмендетуге мүмкіндік береді. Жаңа кәсіпорын 800 жаңа жұмыс орнын ашады.


– Осындай ауқымды жобаны іске асыру барысында жан-жақты қолдау көрсеткені үшін «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ-ға алғысымды білдіремін. Мемлекет елімізде жаңа өнеркәсіптік өндірістерді құру үшін үлкен күш салып отырғанын көріп отырмыз. Бүгінде біз Екібастұзда жеті зауыт салдық. 127 түрлі өнім шығарамыз. Петропавлда жолаушылар құрамын қоса алғанда, жылжымалы құрамның 12 түрін игердік. Мемлекеттік саясат пен қолайлы инвестициялық климаттың арқасында біз елдің даму және индустрияландыру процесіне өз үлесімізді қоса алдық, – деді «Railways Systems KZ» ЖШС Басқарма Төрағасы Сергей Павлингер.


Сол күні болашақ электрметаллургия зауытының іргетасына капсула салу рәсімі өтті. Бұл зауыт 2028 жылы іске қосылып, жылына 1 миллион тонна болат өндіреді және 1 000-нан астам жаңа жұмыс орнын ашады.


Өнеркәсіп саласын дамытудағы тағы бір маңызды қадам – жылына 20 мың тоннаға дейін, 50-ден астам атаудағы құйма бұйымдар шығаратын заманауи құйма өндірісінің құрылысын бастау болды. Бұл кәсіпорынды 2026 жылы іске қосу жоспарланған.

Айта кетейік, «Railways Systems KZ» ЖШС құрамына Екібастұз бен Петропавлдағы жылжымалы құрам мен жол үсті құрылымдарының элементтерін өндіруге маманданған кәсіпорындар кіреді.

Жаңа өндірістердің іске қосылуымен компания Қазақстанның теміржол саласындағы болаттан бастап дайын өнім – жүк және жолаушылар вагондары, тұтас дөңгелектер мен дөңгелек жұптары, бағыттамалар мен құйма бұйымдар өндірісіне дейінгі толық циклды алғашқы машина жасау холдингіне айналады.


«Railways Systems KZ» ЖШС-ның үш кәсіпорнының іске қосылуы 2 000-нан астам жаңа жұмыс орнын ашуға, бюджетке түсетін салық түсімдерін арттыруға және елдің өнеркәсіптік әлеуетін нығайтуға мүмкіндік береді.